Деректер типі
Дерек – өңделмеген әртүрлі фактілер, цифрлар. Өңдеудің нәтиже- сінде белгілі бір мағынаға ие болған дерек ақпаратқа жатады.
Программалау тілдерінің көмегімен деректерді өңдеу үшін оларды типтерге жіктейді. Сандық ақпарат сандық деректерден құрылады. Математикада сандар осінде орналасқан сандарды натурал, бүтін, нақты және т.б. түрлерге жіктейді. Ал мәтіндік ақпарат – символдық және жолдық деректерден құралады. Деректердің жіктелуі оларды компьютерде өңдеу кезінде маңызды рөл атқарады.
Кез келген тұрақты, айнымалы функция немесе өрнек өзіне тән бір ғана типпен сипатталады. Деректердің типін білу осы типтегі айнымалылардың қолдану ауқымы (шегі) мен оған қолданылатын амалдарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар деректер типі ақпаратты қалай түсіну керектігін көрсетеді.
Әрбір программалау тілінде өзіне тән бірнеше деректер типі пайдаланылады. Деректердің әр типі тек өзіне ғана сәйкес келетін операциялар жиынын орындата алады. Мысалы, 1 және 2 мәндері бүтін сандардың типіне жатады, оларды қосуға, азайтуға, көбейтуге және т.б. орындауға болады. Ал ІВМ және РС мәндері жолдық типке жатады. Мысалы, жолдарды біріктіріп жазуға болады, ІВМ РС. Жолдарға математикалық амалдарды орындауға болмайды.
Python-да қолданылатын деректер бүтін сан, нақты сан, жолдық және логикалық типтердің біріне жатады.
Python-да бұдан да басқа типтер бар. Бірақ әзірге өзіміздің программаны құру үшін осы типтердің өзі жеткілікті. Типтердегі жақшалар олардың команда ретінде қолданылатынын көрсетеді. Мысалы, алдыңғы тақырыпта танысқан int(input()) командасында input() арқылы қабылдаған жолды int() көмегімен бүтін сандар типіне алмастырады.