Программа – компьютер түсінетін тілде жазылған командалар мен нұсқаулар жиынтығы. Программа компьютерде белгілі бір тапсырманы орындауға бағытталған нақты команда тізбектерінен және нұсқаулықтардан тұрады. Программа жазу процесін программалау, ал программа жазатын адамды программалаушы деп атайды. Компьютер түсініп қабылдай алатын тілді программалау тілі дейміз. Компьютерлік программа – компьютерді басқаруға арналған логикалық құрылымы мен реттілігі бар командалар жиынтығы.
Программалау тілі – жасанды тіл. Ол сөздік қорының аздығымен, жазу ережесінің қатаң сақталуымен ерекшеленеді. Процессор программалау тілінде жазылған программаларды тікелей қабылдамайды. Ол үшін программаларды процессор тіліне аударатын трансляторлар (аударғыш) қажет.
Транслятордың 2 түрі бар. Олар:
1. Компилятор.
2. Интерпретатор.
Программалау тілінде жазылған программаны мәшине кодына аудару үшін компилятор қолданылады. Мәшине тіліне аударылған программаны процессорда кезең-кезеңімен талдай отырып ретімен орындау үшін интерпретаторлар қолданылады. Компилятор мен интерпретатордың екеуі де программа. Компилятор мен интерпретатордың айырмашылығы бар. Компилятор – программаны мәшине кодына толық аударып алып, орындайды. Интерпретатор – жоғарыда айтылғандай кезең-кезеңімен талдай отырып орындалады.
Integrated Development Environment (IDE) (Программа құрудың ин- теграцияланған ортасы) – программалық жасақтама жасауға арналған программалар кешені. IDE жүйесінің бірнеше құрамдас бөлігі бар (1-схема).